01
март
2022
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзіҚұрметті партияластар!
Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Бұл – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар.
Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды.
Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым...