14
сентябрь
2021
Өнер- таусылмас азық, жұтамас байлық
Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра...
Домбыра- әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. Осы қазынамызды қастерлей отырып дәріптеу мақсатында А. Абдымомунованың жетекшілігімен мектебімізден арнайы домбыра үйірмесін ашқан болатынбыз. Міне, жеңісті бастамамыз көп ұзамай-ақ өз жемісін беріп, оқушыларымыз қасиетті қара домбыраның арқасында біраз жетістіктерге жетіп жатыр. Мұндай қуанышты хабармен сіздермен бөліспесек ағаттық болар.
«Өнер-таусылмас азық, жұтамас байлық» деген тақырыпта өткен Республикалық «Самғау» балалар мен жасөспірімдер арасындағы қашықтықтан(онлайн) ұйымдастырылған ән-би, өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша Бекжанұлы Әмірлан, Тәңіберген Хангелді, Құрал Ажар, Қадыр Ерсұлтан, Әдеева Медина, Тәңірберген Айзере 1-орынды иемденіп, арнайы дипломмен марапатталды. Ал, бұл балаларға жетекшілік еткен Айнұр Абдымомунова апайымыз жоғары кәсіби іскерлігімен, өз ісіне адалдығымен, талантты шәкірттерді тәрбиелегені үшіни «Самғау» ҚҚ президенті И.М.Рахметованың алғыс хатын алды.
Құрметті оқырмандар, егер сіздің балаңыз біздің мектептің оқушысы болса немесе сіз өзіңіз осы мектепте оқып жүрсеңіз, сіздің де дәл осылай домбыра үйреніп, жетістікке жетуіңізге мүмкіндігіңіз мол. Себебі, біздің мектепте домбыра үйірмесі әлі де өз жұмысын жалғастыруда. Келіп, қатысып, қасиетті қара домбыраның құдіретін сезініңіз. Ал, біз әрбір шәкіртіміздің бойына бар асыл қасиеттерді дарытып, жетістіктерімен қашан да бөлісе бермекпіз.